Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум басталды. Бұл туралы QazNews.kz жазады
2023 жылы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу қажеттігін алға тартты. АЭС құрылысы мен референдум өткізу тақырыбын қоғам бір жыл талқылады, яғни пікір алмасып, маңызды шешім қабылдауға дайындалды. Тура бір жылдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы» Жарлыққа қол қойды.
Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу Референдумның орталық комиссиясы қызметін атқаратын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелген.
Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады:
– Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?
Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды:
— «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».
Бюллетеньдер екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде басылады.