“Жол активтері сапасының ұлттық орталығының” РМК басшылығы Алматы қаласында орналасқан жол-құрылыс материалдарын өндіретін жетекші кәсіпорын — “Geodor” компаниясының жұмысымен танысты. Делегация құрамында мекеменің бас директоры Болатбек Айтбаев, орталықтың Алматы қалалық филиалының басшысы Мәулен Әліпов және Алматы облыстық филиалының директоры болды.
“Geodor” — Қазақстанда жол-құрылыс, гидроизоляция және құрылыс химиясы өнімдерін өндірумен және жеткізумен айналысатын ірі компаниялардың бірі. Кәсіпорын өз өнімдерін отандық нарыққа ұсынып, еліміздегі құрылыс компанияларымен тұрақты серіктестік орнатқан.
Іссапар барысында жол сапасын бақылаушы мекеме өкілдері зауыттағы өндіріс процесімен танысып, жол құрылысына арналған химиялық қоспалардың сапасы мен өндіріс технологияларын өз көзімен көрді. Кездесу жол құрылысында қолданылатын материалдардың сапасын арттыруға және сала мамандарының тәжірибе алмасуына бағытталды.
Geodor компаниясы келесі бағыттар бойынша өнімдер мен қызметтер ұсынады:
- Геосинтетикалық материалдар: геотекстиль, геомембрана, георешетка;
- Гидроизоляциялық материалдар: бикрост, стеклоизол, биполь, унифлекс, техноэласт;
- Битумдық өнімдер: битумды мастика, праймерлер, эмульгаторлар;
- Құрылыс химиясы: адгезиялық қоспалар, бетонға арналған қоспалар.
Мұндай кездесулер жол құрылыс саласындағы сапа мәдениетін қалыптастыруға және отандық өндіріс әлеуетін арттыруға үлкен серпін беретіні сөзсіз.