Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G мобильді байланыс желісін толықтай өшіріп, оның орнына 4G технологиясын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп жазады QazNews.kz.
Министрдің айтуынша, ескірген 3G базалық станциялары жаңартылып, олардың орнына 4G жабдықтары орнатылады. Сонымен қатар 5G желісінің қамту аумағы кеңейтіледі.
2027 жылдың соңына дейін мынадай көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланған:
- 4G желісі – 5 291 ауылға жеткізіледі;
- 5G желісі – 70 қала мен 300 ауылда қолжетімді болады;
- Мобильді интернет – елдегі ауылдардың 92 пайызын қамтиды.
Бұдан бөлек, алдағы үш жылда телекоммуникация саласын дамытуға 1,3 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделіп отыр.
Жоспар жүзеге асса, Қазақстандағы мобильді байланыс инфрақұрылымы жаңарып, жоғары жылдамдықтағы интернеттің қолжетімділігі арта түспек.


