Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі жалғасуда. Дәстүрлі додаға Қазақстанның он облысынан және шетелдерден келген құсбегілер қатысып, ұлттық саятшылық өнеріндегі шеберліктерін көрсетуде, деп хабарлайды qaznews.kz.
Биылғы жарысқа халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, Азия чемпионаттарының жүлдегерлері және ұлттық спорт түрлерінен жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәжірибелі спортшылар жиналған.
Ақмола облысының спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендиннің айтуынша, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар арасындағы бәсеке тартысты өтуде. Оның сөзінше, төрешілер жұмысына қатысты қатысушылар тарапынан наразылық болған жоқ.

Ақмола облысының намысын Ерлан Кенжетаев пен Игорь Кочевников бастаған құсбегілер қорғауда. Биыл өңір үшін тағы бір жағымды жаңалық бар. Жарысқа алғаш рет Ақмола облысынан қыз бала қатысып отыр. Ол құсбегілік өнерді екі жылдан бері меңгеріп келеді. Сонымен қатар ұлттық спортқа қызығушылық танытқан төрт жас спортшы да өз мүмкіндіктерін сынауда. Олардың ішіндегі ең жасы – 14 жастағы Ақмола облысының өкілі.
Ардақ Төлендиннің мәліметінше, бүгінде өңірдегі он спорт мектебінде ұлттық спорт түрлері жүйелі түрде дамытылып келеді. Әсіресе Зеренді және Бурабай аудандарының спортшылары республикалық жарыстарда тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында халықаралық додаларға қатысып жүр.
Турнирдің негізгі мақсаты – қазақтың ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, ата-бабадан аманат болып жеткен құсбегілік өнерді сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту. Осыған орай жарыс өтетін аумақта қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптейтін этноауыл ұйымдастырылған. Мұнда шетелдік қонақтар ұлттық мәдениетпен жақынырақ танысып, асық ату және садақ ату бойынша көрсетілімдерді тамашалай алады.

Биылғы турнирге Түркиядан келген Мутлу да қатысуда. Ол Қазақстанға алтыншы рет келіп отыр. Құсбегінің айтуынша, қазақ халқына және ұлттық саятшылық өнеріне деген ықыласы оны елімізге қайта-қайта оралуға жетелейді.
«Мен Қазақстанды да, қазақ халқын да жақсы көремін. Құсбегілік – ата-бабадан қалған ерекше өнер. Бұл жарысты мен жай ғана бәсеке деп қабылдамаймын. Мен үшін бұл – достарыммен, бауырларыммен қауышатын үлкен кездесу. Ең бастысы – достық пен бауырластық», – дейді Мутлу.
Ол Түркияда құсбегілік жарыстарын ұйымдастыруда бірқатар қиындықтар бар екенін атап өтті. Соған қарамастан, болашақта өз елінде де осындай халықаралық турнирлер өткізуге ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ қазақстандық құсбегілерді Түркияға шақырып, тәжірибе алмасуға мүдделі екенін айтты.
Халықаралық «Қансонар-2026» турнирі ұлттық мұраны дәріптеумен қатар, әр елдің өкілдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, тәжірибе алмасуға жол ашып отыр. Мұндай шаралар құсбегілік өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына және қазақ мәдениетінің халықаралық деңгейде танылуына ықпал етеді.
Турнир қорытындысы бойынша бүркіт, ителгі және қаршыға бағыттарында үздіктер анықталады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар және арнайы сыйлықтар табысталады.
Бүркітшілер сайысында
1. Уалихан Шыңғыс (Ақмола облысы)
2. Тастанбек Байрақ (Ақтөбе облысы)
3. Сагидуллаев Жандарбек (Алматы қаласы)
Қаршыға
1 орын : Жалғасұлы Берікболсын (Жамбыл облысы)
2 орын : Серкбекұлы Ерасыл (Астана қаласы)
3 орын: Карчиганов Акжол (Ресей)
Ителгі :
1. Төлегенұлы Темірәлі (Қарағанды облысы)
2 Кенжетаев Ерлан (Ақмола облысы)
3 орын: Мутлу Кызылбуга (Туркия мемлекеті)


