Сәрсенбі, 21 октября, 2026
spot_img
Басты бетӘлемШетел түрмелеріндегі 1 319 қырғызстандық елге оралғысы келмейді

Шетел түрмелеріндегі 1 319 қырғызстандық елге оралғысы келмейді

Шет мемлекеттердің түрмелерінде жазасын өтеп жатқан 1 319 Қырғызстан азаматы бар. Олардың басым бөлігі жазасын өз елінде өтеуге ниетті емес. Бұл туралы Қырғызстан Бас прокурорының орынбасары Үмүткан Конкубаева Жогорку Кенеш комитетінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды qaznews.kz.

Оның айтуынша, шетелде сотталған Қырғызстан азаматтары туралы мәліметтерді Сыртқы істер министрлігі жинақтайды. Ведомствоның деректеріне сәйкес, олардың ең көбі Ресей түрмелерінде отыр – 1 003 адам. Қазақстанда 109, Өзбекстанда 55, Иракта 41 қырғызстандық жазасын өтеп жатыр.

Үмүткан Конкубаеваның сөзінше, шетелде сотталған азаматтардың көбі жазасын әрі қарай өтеу үшін Қырғызстанға қайтқысы келмейді. Тіпті олардың туыстары өтініш білдірген күннің өзінде, сотталған адамның келісімінсіз оны елге ауыстыру мүмкін емес.

Мұның бір себебі – шетелде алған соттылықтың Қырғызстанда соттылық ретінде танылмауы.

Комитет отырысында депутаттар Ресей түрмелерінде отырған кейбір қырғызстандықтардың жазасын өтеуден құтылу үшін соғысқа қатысуға келісетіні туралы мәселе көтерді.

Бас прокурордың орынбасары бұл жағдайға қатысты прокуратураға өтініштер түскенін растады. Алайда Ресей тарапымен бірлескен тексеру кезінде кейбір сотталғандардың Ресей азаматтығы бар екені анықталған. Мұндай жағдайда Қырғызстанның құқық қорғау органдары басқа мемлекеттің ішкі істеріне араласа алмайды.

Сонымен қатар Қырғызстан терроризм мен экстремизмді қоса алғанда, аса ауыр қылмыстар үшін сотталған азаматтарын жазасын одан әрі өтеу үшін елге қайтармайды.

Жыл басынан бері шетелде сотталған 292 адам жазасын жалғастыру үшін Қырғызстанға ауыстырылған.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр