Сәрсенбі, 21 октября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырып5 млн теңгеден асатын қаржы және 30 келі сұлулық: Алина Ридің «Ғалам...

5 млн теңгеден асатын қаржы және 30 келі сұлулық: Алина Ридің «Ғалам Аруы 2026» байқауындағы ұлттық образы қандай болмақ?

Алматы қаласында Kosmos мейрамханасында «Қазақстан Аруы 2026» титулының иегері Алина Ридің Пуэрто-Рикода өтетін әлемдегі ең ауқымды «Ғалам Аруы 2026» халықаралық сұлулық байқауына қатысуына арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды qaznews.kz. 

Кездесу барысында Қазақстан атынан халықаралық сахнаға шығатын арудың дайындығы, мақсат-мұраттары, әлеуметтік бастамалары және елдің мәдени мұрасын таныстыратын ұлттық киімі таныстырылды.

Биыл Алина Ри алдына үлкен мақсат қойып отыр – «Ғалам Аруы» байқауының ТОП-30 тізіміне еніп, Қазақстан үшін елеулі нәтижеге қол жеткізу. Байқауға дайындық бірнеше бағытты қамтыды: сахналық образды әзірлеу, ұлттық киім жасау және инклюзия мәселелеріне арналған әлеуметтік жобаны жүзеге асыру. Алина Ридің «Ғалам Аруы 2026» байқауына қатысуы жоғары нәтижеге ұмтылуды, әлеуметтік бастамаларды қолдауды және ұлттық мәдениетті заманауи сахналық образ арқылы таныстыруды біріктіреді. Ару үшін бұл байқау – әлемдік аудиторияны Қазақстанмен, оның мәдениетімен, дәстүрлерімен және заманауи құндылықтарымен таныстыруға берілген мүмкіндік.

«Мен осы байқаумен бір жыл бойы өмір сүріп келемін. Жақында «Ғалам Аруы» сахнасында Қазақстанның атынан шығатыныма әлі де сене алар емеспін. Менің мақсатым – елімізді лайықты таныстырып, баршамыз мақтан тұтатын нәтижеге қол жеткізу. Қазір әрбір қазақстандықтың қолдауы мен үшін ерекше маңызды. Еліміздің бірлігін бірге көрсетейік!», – деді Алина Ри.

Алинаның халықаралық байқауға дайындығындағы маңызды бағыттардың бірі – Алматы қаласындағы Insight мектебімен бірлесіп жүзеге асырылған қайырымдылық жобасы. Жоба инклюзия мәселелеріне және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға қоғам назарын аударуға бағытталған. Бастама әрбір бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінетін, дамуға мүмкіндік алатын және өз әлеуетін аша алатын орта қалыптастырудың маңызын көрсетеді. Жобаның негізінде әр баланың жеке ерекшелігін құрметтеу, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және оның қажеттіліктеріне түсіністікпен қарау құндылықтары жатыр. Алина өзінің қоғамдық ықпалын пайдалана отырып, қоғам назарын қажет ететін мәселелерді көтеруге және ашық әрі инклюзивті ортаның қалыптасуына ықпал ететін бастамаларды қолдауға ұмтылады.

Баспасөз конференциясының басты оқиғаларының бірі – Алина Ридің ұлттық киімінің тұжырымдамасын таныстыру болды. «Қазақстан Аруы» байқауының серіктесі SV Muse қатысуымен жасалған образ Қазақстанның мәдени мұрасын, ұлттық рәміздерін және заманауи технологиялық шешімдерді үйлестіреді. Киімді жасауға жұмсалған қаражат 5 миллион теңгеден асты, ал оның салмағы шамамен 30 келіні құрайды. Костюмнің басты ерекшелігі – сахнада арнайы техникалық механизм арқылы ашылатын алып қанаттар. Мұндай образды жасауда SV Muse командасы шығармашылық тұжырымдаманы әзірлеуге, сәндік элементтерді мұқият ойластыруға және сахналық әсерді техникалық тұрғыдан жүзеге асыруға ерекше күш салды. Образдың түсі мен символикасында Қазақстанның көк аспаны, алтын түсі және ұлттық мәдениеттің байлығы көрініс тапқан. Костюмнің бөлшектері, пішіні мен ауқымы арқылы қазақ дәстүрлерінің сұлулығын, халқымыздың өзіндік болмысын және елдің мәдени мұрасының тереңдігін көрсету көзделген. Ұйымдастырушылар ұлттық киімді жасауға атсалысып, серіктестік қолдау көрсеткені үшін SV Muse брендіне алғыс білдіреді.Бұл образ «Ғалам Аруы 2026» сахнасында Қазақстанды таныстырудың маңызды бөлігі болмақ.

Баспасөз конференциясы барысында Алина Ри қазақстандықтардың қолдауының маңыздылығына да тоқталды. Көрермендердің дауысы оның байқаудағы нәтижесіне ықпал етуі мүмкін. Қазіргі уақытта MU Fan қосымшасында дауыс беру жүріп жатыр. Ұйымдастырушылар ұсынған шарттарға сәйкес, дауыс беру нәтижелері ТОП-30 қатарына енуге мүмкіндік береді. Дауыс беру қорытындысы бойынша үздік үштікке енген қатысушылар байқаудың ТОП-30 тізіміне автоматты түрде өту мүмкіндігіне ие болады. Баспасөз конференциясы өткен сәтте Алина рейтингте 12-орында тұрған. Әрбір дауыс – Қазақстан атынан қатысып жатқан аруға мақсатына жету жолында қолдау көрсетудің мүмкіндігі.

Жаңалықтарды бақылап, MU Fan қосымшасындағы дауыс беруге қатысыңыздар және Қазақстанның халықаралық сахнадағы өкіліне қолдау көрсетіңіздер.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр