Қонаев гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызмет өткеріп жүрген сарбаз Санжар Жанат казарманың төртінші қабатындағы терезеден құлап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Оқиға 3 тамыз күні болған. Зардап шеккен әскери қызметші дереу ауруханаға жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілген. Қазір оның жағдайын дәрігерлер бақылауда ұстап отыр.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің мәліметінше, сарбаз бұған дейін қызмет жағдайына қатысты шағым айтпаған. Сондай-ақ оқиға алдында ол ата-анасымен кездескен, ал туыстары әскери бөлім басшылығына ешқандай арыз-шағым түсірмеген.
Аталған факті бойынша Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі қызметтік тексеру тағайындап, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрған.
Қазіргі уақытта сарбаздың төртінші қабаттан құлауына не себеп болғаны және оқиғаның нақты қалай болғаны анықталып жатыр.


