15 қыркүйектен бастап Қытай шекарасынан өтетін шетел азаматтарына қатысты бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Енді көші-қон қызметкерлері жолаушылардың сапар мақсатын нақтылап, қажет болған жағдайда қосымша құжаттар мен электронды ақпараттарды сұратуы мүмкін.
Осыған байланысты қазақстандықтарға жол жүру құжаттарын алдын ала тексеріп, әуежайға рейс уақытына кемінде үш сағат қалғанда келу ұсынылады.
Қытайға кіру кезінде сапар мақсаты жөнінде нақты әрі шынайы мәлімет беру қажет. Егер жалған құжаттар немесе жалған ақпарат анықталса, шетелдік азаматтың елге кіруіне рұқсат берілмеуі мүмкін. Сондай-ақ көші-қон заңнамасын бұрын бұзған адамдарға Қытай аумағына бір жылдан бес жылға дейін кіруге шектеу қойылуы ықтимал.
Сонымен қатар Қазақстан азаматтары үшін қолданыстағы визасыз режим өзгеріссіз қалады. Қазақстандықтар Қытайда бір сапар барысында 30 күнге дейін, ал 180 күндік кезең ішінде жалпы 90 күнге дейін визасыз жүре алады.


