Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке балалар мен жасөспірімдерге бағытталған фастфуд жарнамасының ықпалын жан-жақты зерттеуді тапсырды, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай жарнамалар дұрыс емес тамақтану әдеттерін қалыптастырып, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені арттырады. Бұл өз кезегінде елдің еңбек әлеуетіне де әсер етеді.
«Дәрігерлердің бақылауында қант диабетімен ауыратын 7 мыңға жуық бала бар. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш азаймай, керісінше өсіп келеді», – деді Тоқаев.
Президент көптеген елдерде май, қант және тұз мөлшері жоғары тағамдардың кәмелетке толмағандарға арналған жарнамасына шектеу қойылғанын немесе толық тыйым салынғанын атап өтті.
Сонымен қатар ол бұл мәселенің медициналық қана емес, саяси қырлары да бар екенін айтты.
«Дегенмен Үкімет ең алдымен балаларымыздың денсаулығын ескере отырып, бұл мәселені мұқият зерделеуі қажет», – деді мемлекет басшысы.


