Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуына тыйым салу ұсынылды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің тамыз конференциясында айтты, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Мемлекет басшысының мәліметінше, Үкімет әзірлеген тиісті заң жобасы қазірдің өзінде Парламент қарауына жолданған. Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сессиясында депутаттарды бұл бастаманы мұқият қарастыруға шақырғанын жеткізді.
Президент қазіргі таңда балалардың тәрбиесі мен дүниетанымына тек отбасы мен білім беру ұйымдары ғана емес, интернет кеңістігі мен сыртқы орта да айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.
«Сыртқы орта балалардың қалыптасуына отбасы мен мектептен кем әсер етпейді. Өскелең ұрпақтың психологиялық әл-ауқаты, эмоциялық тұрақтылығы мен адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздік пен елдің орнықты дамуының маңызды факторына айналды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, 2018 жылы қабылданған балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы заң бүгінгі заман талаптарына сәйкес жаңартуды қажет етеді. Президент мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елінде қолға алынып жатқанын да еске салды.
«Балалардың психологиялық жағдайына төнетін қауіптердің салдарымен күрескеннен гөрі, олардың алдын алу маңызды. Әйтпесе бұл қоғамның тұрақтылығына теріс әсер етуі мүмкін», – деді ол.
Сонымен қатар мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарды зиянды ақпараттан қорғау үшін интернеттегі контентті сүзгілеу жүйесін күшейтуді тапсырды. Оның пікірінше, бұл бағыттағы жауапкершілікті тек ата-аналарға жүктеу жеткіліксіз.
Бұдан бөлек, президент балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу бастамасын кеңінен жүзеге асыруды жүктеді. Тоқаевтың сөзінше, бұл құрал балалардың ақпараттық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.


