Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөлімінде «Әке, ана және мен спорттық жанұямыз» атты отбасылық спорттық сайыс ұйымдастырылды, деп жазады QazNews.kz
Іс шараның негізгі мақсаты әскери қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, отбасы құндылықтарын дәріптеу және әскери ұжым арасындағы бірлікті нығайту болды.
Спорттық жарысқа әскери бөлімнің әскери қызметшілері өз отбасы мүшелерімен бірге қатысып, түрлі эстафеталық ойындар мен спорттық тапсырмаларда бақ сынады. Қатысушылар жарыс барысында ептілік пен шапшаңдық танытып қана қоймай, ұйымшылдық пен өзара қолдаудың үлгісін көрсетті. Іс шара ерекше көңіл күйде өтіп, қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі әсер сыйлады.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды кіші сержант Сүндет Балта отбасы иеленді. Екінші орын капитан Нұрбол Мырзабек отбасына бұйырса, үшінші орынды лейтенант Ақжол Әутай отбасы қанжығасына байлады.
Іс шара соңында жеңімпаздар мен барлық қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды. Әскери бөлім командирі мұндай отбасылық спорттық жарыстар әскери қызметшілер арасындағы татулықты нығайтып, отбасы мүшелерінің өзара байланысын күшейтуге және салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпал ететінін атап өтті.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі


