коллаж: Dalanews.kz
Таяу Шығыстағы әскери ахуалдың ушығуы Орталық Азия елдерін де алаңдата бастады. Мұнай бағасының құбылуы, Ормұз бұғазы маңындағы қауіп-қатер және геосаяси белгісіздік Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін? Осы мәселеге байланысты қаржыгер Венера Жаналинa мен экономист Алмас Чукин жан-жақты талдау жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz. сілтеме жасаған Qaznews.kz
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналинаның айтуынша, Иран төңірегіндегі эскалация ең алдымен мұнай нарығы арқылы Қазақстанға әсер етеді.
“Бұл болжам нарықтағы алғашқы реакциядан-ақ байқалып отыр. Reuters мәліметінше, Иранға жасалған соққылардан кейін биржадан тыс саудада мұнай шамамен 10%-ға қымбаттаған. Кейбір талдаушылар Ормұз бұғазындағы іркілістер ұзаққа созылса, Brent бағасы барреліне 100 доллардан асуы мүмкін деп болжайды. Мұнай қымбаттаса, Қазақстанның экспорттық түсімі мен бюджет кірісі әдетте жақсарады. Себебі мұнай мен мұнай өнімдері ел экспортының шамамен жартысын құрайды”, — дейді сарапшы.
Ол The Economist пен Reuters деректеріне сүйене отырып, қақтығыс әлемде ірі мұнай күйзелісін туындатуы мүмкін екенін атап өтті. Оның сөзінше, Ормұз бұғазы жаһандық энергетиканың негізгі күретамыры, сондықтан ондағы кез келген іркіліс нарыққа бірден әсер етеді.
“Бұғаз арқылы әлемдік мұнай мен мұнай өнімдері тұтынуының шамамен бестен бірі және теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың төрттен бірінен астамы өтеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін бұл жай ғана мұнайдың қымбаттауы емес, бір мезетте экспорт кірістерін арттыруы мүмкін. Бірақ инфляциялық, валюталық және логистикалық тәуекелдерді де күшейтетін сыртқы соққы. Әдетте Brent бағасы көтерілсе, экспорттық түсім, салық кірістері және төлем балансы жақсарады. Бұл маңызды, өйткені мұнай мен мұнай өнімдері Қазақстан экспортының шамамен 50%-ын құрайды. Демек, ел экономикасы әлі де мұнай конъюнктурасына тәуелді”, — дейді ол.
Алайда сарапшы мұнай қымбаттаған сайын Қазақстанға түсетін пайда да өздігінен еселене береді деген пікірмен келіспейді. Ұзаққа созылған дағдарыс инфляцияның үдеуіне, теңгенің құбылмалығына және логистиканың қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Жаналинаның бағалауынша, мұнайдың қымбаттауы теңгеге белгілі бір деңгейде қолдау көрсетуі мүмкін. Бірақ геосаяси күйзеліс кезінде доллар “қауіпсіз айлақ” ретінде күшейіп, ұлттық валютаға қысым түсіруі де мүмкін.
“Сондықтан теңгенің жағдайы құбылмалы боладя. Мұнай факторы басым түссе ғана ұлттық валюта тұрақтануы ықтимал”, — деп қосты ол.
Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк 2026 жылы инфляцияны тежеуді басты басымдық ретінде белгілеп отыр.
“Егер баға өсімін баяулататын үрдіс орнықпаса, ақша-несие саясаты қатаюы мүмкін. Сонымен қатар шетелдік инвесторлар қазақстандық бағалы қағаздардан шыға бастаса, теңге айтарлықтай әлсіреуі мүмкін”, — деді ол.
Экономист Чукин не дейді?
Экономист Алмас Чукин Иранның Орталық Азия үшін географиялық әрі экономикалық маңызы ерекше екенін атап өтті.
“Біздің өңір теңізге тікелей шыға алмайды. Ал Өзбекстан тіпті мұхитқа екі мәрте тұйық ел саналады. Ал Иран — Орталық Азияның теңізге шығатын басты дәлізі”, — дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Түрікменстан–Иран теміржол түйінінен Парсы шығанағына дейін небәрі 1200–1500 шақырым. Бұл бағыт іске толық қосылса, Орталық Азия елдері әлемдік порттарға әлдеқайда қысқа жолмен шығуға мүмкіндік алады.
“Ол жерден Роттердамға теңіз арқылы 3–4 аптада жетуге болады. Бұл — мұнайды Ресей арқылы Новороссийскіге, одан Қара теңіз бен Босфор арқылы жөнелтетін ұзақ әрі күрделі бағытқа балама”, — деп түсіндірді Чукин.
Экономистің пікірінше, егер Иранда Батысқа жаулық ұстанбайтын жаңа саяси кезең басталып, санкциялар жеңілдесе, бұл Орталық Азия үшін тарихи мүмкіндікке айналуы мүмкін.
“Мұндай көрші елдің пайда болуы — бай, білімді әрі әлеуеті зор нарықтың ашылуы деген сөз. Қазір бізді Каспий белгілі бір деңгейде шектеп тұр. Ал Иран арқылы құрлық дәлізі жанданса, көне сауда жолдары қайта тіріледі. Бұл — Орталық Азия үшін орасан экономикалық серпіліс”, — деді ол.
Чукин тарихи тұрғыдан да бұл дәліздің маңызы зор екенін айтады. Оның сөзінше, өркениет Ніл бойынан басталып, теңіз жағалауы арқылы Месопотамияға (қазіргі Иран мен Ирак аумағы) жетіп, кейін Трансоксанияға — Сырдария мен Әмудария аңғарларына тараған. Яғни бұл көлік-сауда бағыты мыңдаған жылдық тарихы бар ежелгі өркениеттік дәліз саналады.
Соғыстың мақсаты өзгеріп жатыр
Сарапшы қазіргі қақтығысқа саяси баға бермейтінін, оны таза экономикалық және жүйелік тұрғыдан қарайтынын айтты. Оның пікірінше, соңғы оқиғалар соғыс жүргізудің мүлде жаңа деңгейін көрсетіп отыр.
“Бұрын технологиясы басым елдер көбіне түнде соққы беретін. Ал бұл жолы уақыт әдейі өзгертілгені байқалады. Қазір белгілі болғандай, соққы Иранның жоғары басшылығы жиналатын сәтке дәл келтірілген”, — дейді экономист.
Чукиннің пайымынша, мұндай тәсіл соғыс логикасын түбегейлі өзгертті. Тарихта “билеуші билеушіге тікелей соққы жасамайды” деген бейресми қағида болған. Ал қазіргі тәжірибе бұл ереженің бұзылғанын көрсетеді.
Сондай-ақ ол қырғи-қабақ соғыстан кейін қалыптасқан “режим ауыстыру” логикасының да тиімділігі күмәнді екенін айтты.
“Қазіргі прагматикалық тәсіл мынаны көрсетеді: сырттан “дұрыс” көшбасшы орнатқаннан гөрі, жүйеге өз болашағын өзі айқындауға мүмкіндік беру тиімді. Ал егер бір тұлға түбегейлі кедергі болса, нысаналы қысым құралдары қолданылуы мүмкін”, — деді Чукин.
Экономистің түйінінше, әлемдік саяси-экономикалық жүйе жаңа кезеңге аяқ басты.
“Қызық әрі күрделі заман басталып келеді”, — деп қорытындылады ол.
Қазақстан үшін негізгі дилемма
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан үшін қазіргі жағдай екіұшты.
Бір жағынан, мұнай бағасының өсуі экспорт пен бюджетке қысқа мерзімді қолдау беруі мүмкін. Екінші жағынан, ұзаққа созылған геосаяси дағдарыс инфляцияны үдетіп, логистиканы қымбаттатып, қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықты күшейтуі ықтимал.
Сыртқы саясатта Қазақстанның дәстүрлі көпвекторлы ұстанымды сақтауы ең ықтимал сценарий ретінде бағаланып отыр. Алайда дағдарыс тереңдеген сайын, қымбат мұнайдан түсетін пайда мен сыртқы тәуекелдер арасындағы тепе-теңдікті сақтау барған сайын күрделене түсуі мүмкін.


