Анкара қаласында 9 ақпанда бастау алып, Стамбул қаласында жалғасын тапқан түркі әлемінің мәдени мұрасын қорғауға бағытталған ауқымды халықаралық бағдарлама өз жұмысын сәтті аяқтады. «Түркі әлемінің реставрациялық және консервациялық зертханалары желісі» атты іс-тәжірибе алмасу жобасы түркі елдері арасындағы кәсіби ынтымақтастықты күшейтіп, мәдени мұраны сақтау саласындағы өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтерді, деп жазады QazNews.kz

Бағдарлама Түркі мәдениеті және мұрасы қорының ұйымдастыруымен, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі, TİKA және Түркі әлемі қоры (TDV) қолдауымен өткізілді. Жоба Анкара мен Стамбул қалаларында өтіп, археометрия, сәулет ескерткіштерін қорғау және суасты археологиясы бағыттарында Түркияның заманауи ғылыми-техникалық мүмкіндіктерін қатысушы елдерге таныстыруды мақсат етті.

Бағдарлама аясында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Мажарстан және Түрікменстан елдерінен келген мәдени мекемелердің өкілдері, ғалым-зерттеушілер мен сарапшылар баяндама жасап, реставрация мен консервация саласындағы өз елдерінің тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар тарихи нысандарды қорғаудың жаңа әдістерін, зертханалық талдау тәсілдерін және мәдени мұраны цифрландыру бағытындағы тың жаңалықтарды талқылады.

Жобаның қорытынды кезеңі Стамбул қаласының Үмрание ауданында орналасқан Хекимбашы тарихи резиденциясында өткен жұмыс семинары және сертификаттар табыстау рәсімімен аяқталды. Бұл семинар түркі елдері арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, болашақта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға жол ашты.

Жабылу салтанатында сөз сөйлеген Ақтоты Райымқұлова аталған бағдарламаның мәдени мұраны сақтау саласындағы мамандар үшін маңызды кәсіби алаңға айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, реставрациялық және консервациялық зертханалар сәулет ескерткіштері мен тарихи артефактілерді қорғауда шешуші рөл атқарады, ал мұндай халықаралық жобалар түркі елдері арасындағы кәсіби байланысты нақты мазмұнмен толықтырып, бірлескен жобалардың көкжиегін кеңейтеді.

Іс-шараға Нәби Авжы, Гөкхан Язгы, түркі әлемінің әр өңірінен келген мәдени мұра саласының сарапшылары, Түркияда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бұл жобаның халықаралық деңгейдегі беделі мен маңызын айқындай түсті.
Бағдарлама соңында Түркі Мәдениеті және Мұрасы Қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігіне, TİKA-ға, Түркі әлемі қорына және жобаның табысты өтуіне үлес қосқан барлық серіктестерге алғыс білдірді.

Сонымен қатар, былтыр бір жылдың ішінде, Түркі Мәдениеті және Мұрасы Қорының жұмысы аясында білім беру мен зерттеу салаларын қамтыған халықаралық 80 жоба іске асырылып, тарихи ескерткіштер қалпына келтіріліп, мұражай экспонаттары жаңартылып, рухани жәдігерлер цифрландырылды.
Мәдени мұраны сақтау – қоғамның рухани және ұлттық сананы жаңғыртудың және қоғамдық сабақтастықты дамытуды қамтамасыз ететін маңызды бағыт.
Осы бағыттағы бірлескен жобалар түркі халықтарының рухани бірлігін нығайтып, ортақ тарихи жадыны келер ұрпаққа аманаттауға қызмет ете беретіні сөзсіз.


