Жамбыл облысы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмоноваға қатысты жол-көлік оқиғасы бойынша іс алдын ала тыңдалды, деп жазады QazNews.kz HALYQSTAN телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша тергелген. Еске салайық, өткен жылдың шілде айында болған жол апаты салдарынан екі әйел – Рахмонованың туған әпкесі Айгерім Сұлтанова мен олардың құрбысы Зарина Алпысова қаза тапты.
Мемлекеттік айыптаушы, прокурор Сабыр Серіктің айтуынша, жол талғамайтын көлікті Гүлайым Рахмонова басқарған. Ол түні бойы тоқтаусыз жол жүріп, шаршаңқы күйде болғанына қарамастан, көлікті жоғары жылдамдықпен айдаған. Мойынқұм ауданы аумағында жүргізуші рульге ие бола алмай, жолдың бөлгіш қоршауына соғылған. Салдарынан көлік бірнеше рет аударылып, қарсы бағытқа шығып кеткен.
Зарина Алпысова оқиға орнында көз жұмса, Айгерім Сұлтанова жедел жәрдем көлігінде ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болған. Гүлайым Рахмонова ұлымен бірге Шу қалалық ауруханасына жеткізілген.
Сот отырысында айыпталушы тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, апат көлікті оң жаққа тартып әкеткен сәтте рульді түзеуге әрекет жасаған кезде болған.
Айыпталушының мүддесін қорғаушы адвокат Бағлан Рсанұлы сараптама қорытындысымен келіспейтінін айтып, кешенді сараптама тағайындау үшін істі қосымша тергеуге қайтаруды сұрады. Оның сөзінше, тергеу барысында бұл өтініш ескерусіз қалған.
Ал прокурор қосымша сараптама жүргізуге негіз жоқ екенін айтты. Оның мәліметінше, тергеу кезінде Рахмонова бірнеше рет жауап беріп, кінәсін мойындаған, алайда сотта ұстанымын өзгерткен.
Судья Қуаныш Мұратов қорғаушының өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Ол бұл өтінішті алдын ала кезеңде беру ерте екенін, алайда негізгі сот талқылауы барысында қайта мәлімдеуге болатынын түсіндірді. Негізгі сот отырысы 26 ақпанға белгіленді.
Айта кетейік, жәбірленуші тараптың мүддесін белгілі заңгер Мейірман Шекеев қорғап отыр.


