Астана – Қарағанды – Алматы республикалық автожолында жол-көлік оқиғасы болды. Оқиғаны жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған бейнебақылау камералары тіркеген, деп хабарлайды Qaznews.kz.
«ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше, бейнежазбада жүк көлігінің баяу қозғалып келе жатып, жолдың жүріс бөлігінде тоқтағаны көрінеді. Алайда жүргізуші апаттық белгі шамдарын қоспаған.
Осы сәтте артынан келе жатқан жеңіл автокөлік жүк көлігіне соғылған. Соққының қатты болғаны соншалық, жеңіл көлік жолдан шығып кетіп, жол жиегіне ұшып түскен.
«Кадрларда жүк көлігінің төмен жылдамдықпен қозғалып келе жатып, жол үстінде тоқтағаны байқалады. Бұл кезде жүргізуші апаттық белгі шамдарын қоспаған. Артынан келе жатқан жеңіл автокөлік жүк көлігіне соғылып, соққы салдарынан жол жиегіне шығып кеткен», – деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын полиция қызметкерлері анықтап жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер туралы ақпарат жарияланған жоқ. «ҚазАвтоЖол» бұл жөнінде қосымша мәлімет бермеді.


