Күні кеше Үкімет «Заң және тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы» бекітті. Ондағы мақсат — қоғамда құқықтық мәдениет деңгейін қалыптастыру, азаматтардың заңға бағынып, құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыру. Осыған орай І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті алғашқылардың бірі болып студенттерге «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында облыстық құрылымдық күштер саласының мамандарымен кездесу өткізді.
Кездесуге Жетісу облысы прокуратурасының прокурорлары, Жетісу облысы Полиция департаменті кинология қызметінің мамандары қатысты.

Кездесу барысында прокуратура өкілі студенттерге заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы туралы айтты.
«Құжат азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және сот төрелігіне қолжетімділікті әрі қарай қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Әрбір азамат басқа адамдардың құқықтарын құрметтеумен қатар, құқықтық тәртіпті белсенді түрде сақтауы керек» -деді прокурор Ялкун Исмаил.
Жетісу облысы Кинология қызметі орталығының аға инспектор-кинологы, полиция капитаны Мақсат Маматжанов жастарға кинология қызметі, қызметтік иттерді дайындау, жаттықтыру және оларды түрлі қылмыстардың ізін ашуда қолдану бағытындағы жұмыстарымен таныстырды. Студенттерге полиция қызметкерлерінің күнделікті еңбегі мен қызметтік иттердің қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі туралы жан-жақты ақпарат берді. Кездесу соңында қызметтік иттердің із кесу, есірткі заттарын анықтау және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша түсірілген бейнебаян көрсетілді.
Жалпы мұндай кездесулер студенттерге құқықтық білім беру тәжірибесін енгізуге, нақты жағдайларда құқықтық білімді тиімді қолдану қабілетін дамытуға септігін тигізеді. «Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыруға бағытталған шаралар әлі де жалғасады.
