Түркістан облысында отшашу атамын деп екі бала жарақат алды, деп жазады QazNews.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне сілтеме жасап.
Оқиға Сарыағаш қаласында жеке тұрғын үйдің ауласында болған. Жасөспірімдер пиротехникалық бұйымдарды ересектердің бақылауынсыз пайдаланған.
Ведомствоның мәліметінше, пиротехникадан зардап шеккен балалардың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Олар ауруханаға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Осыған байланысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мереке күндері қауіпсіздік шараларын күшейту туралы елдегі барлық білім беру ұйымдарына ресми хат жолдаған. Сонымен қатар елді мекендер аумағында пиротехникалық бұйымдарды қолдануға тыйым салынғаны ескертілді.
Айта кетейік, егер заңбұзушылықты 16 жасқа толмаған бала жасаса, жауапкершілік ата-анасына жүктеледі. Бұл жағдайда 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (78 640 теңге) айыппұл қарастырылған.
