АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен биыл күзде жеке кездесу өткізу мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы хабарлады, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Басылым мәліметінше, кездесудің ықтимал нұсқаларының бірі – қараша айында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясында келіссөз ұйымдастыру.
Дегенмен, әзірге бұл кездесуге қатысты ресми дайындық жұмыстары басталмаған. Газет сарапшыларының пікірінше, Трамптың Ким Чен Ынмен жаңа келіссөздер өткізуге қызығушылығы оның сыртқы саясаттағы елеулі жетістікке қол жеткізу ниетімен байланысты болуы мүмкін. Басылым мұны Иранмен байланысты мәселелерде айтарлықтай нәтиженің болмауымен түсіндіреді.
Бұған дейін Трамп Пхеньянмен қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған бірнеше қадам жасаған болатын. Атап айтқанда, ол АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларының көлемін қысқартуды тапсырған. Мұндай шешімін Трамп Ким Чен Ынмен арадағы «өте жақсы қарым-қатынасымен» байланыстырған.
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Трамп дәл осындай тәсілді өзінің алғашқы президенттік мерзімі кезінде де қолданған. Сол кезде ол Солтүстік Корея көшбасшысымен үш рет кездесіп, келіссөз жүргізген.


