Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ қауымдастығы тоғызқұмалаққа арналған жаңа цифрлық платформаның іске қосылғанын хабарлады. 9qum.com платформасы ұлттық зияткерлік ойынды заманауи технологиялармен ұштастырып, спортшыларға, жаттықтырушыларға, төрешілерге және әуесқой ойыншыларға арналған кең мүмкіндіктерді ұсынады.
Жобаны тоғызқұмалақшы әрі бағдарламашы Элдар Шаймағамбет пен Әдемі Есеншораева бірлесіп әзірлеген.
Платформада пайдаланушылар жасанды интеллектпен түрлі деңгейде ойнап, шеберлігін шыңдай алады, әлемнің кез келген нүктесіндегі қарсыластарымен онлайн партия өткізіп, ойындарын талдайды. Сондай-ақ жаттықтырушымен жеке кабинет арқылы жұмыс істеу, бейнебайланыс арқылы ойнау, партияларға жасанды интеллекттің толық сараптамасын алу, дебюттік және тактикалық позицияларды талдау мүмкіндігі қарастырылған.
Бұдан бөлек, жүйе онлайн турнирлерді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылар қатысушыларды тіркеу, ойындардың өту барысы мен нәтижелерін онлайн режимде бақылай алады. Ал бейнебайланыс функциясы жарыстардың ашық әрі әділ өтуіне жағдай жасайды.
Қауымдастықтың мәліметінше, платформа іске қосылған алғашқы үш күннің өзінде оған шамамен 1400 спортшы тіркеліп, 9 мыңға жуық партия ойналған. Осы уақыт ішінде екі онлайн турнир ұйымдастырылып, оған 300-ге жуық спортшы қатысқан.
Әзірлеушілер алдағы уақытта республикалық және халықаралық турнирлерді тұрақты өткізу, рейтингтік жүйені жетілдіру, оқу-жаттығу мүмкіндіктерін кеңейту, жасанды интеллекттің талдау сапасын арттыру және тоғызқұмалақты халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауды жоспарлап отыр.
Жоба ұлттық зияткерлік мұраны цифрлық технологиялар арқылы дамытуға және тоғызқұмалақтың әлемдік деңгейдегі танымалдылығын арттыруға бағытталған.


