Сібір жарасының белгілері қандай? Оның неше түрі бар? Адамға қалай жұғады? Не үшін вакцина алу қажет? Informburo.kz осы және өзге де сұрақтарға жауап береді. Оқырмандар үшін пайдалы ақпаратты QazNews.kz көшіріп басты.
№1. Сібір жарасы қандай ауру
Сібір жарасы халық арасында күйдіргі, түйнеме деп аталады. Бұл – аса қауіпті жұқпалы ауру, оның қоздырғышы – сібір жарасының таяқшасы (Bacillus anthracis). Сібір жарасының үш түрі бар: тері, өкпе және ішекте дамиды. Көбінесе тері жамылғысында пайда болады. Ал, өкпе мен ішекте сепсис түрінде өтуі сирек кездеседі. Сібір жарасының қоздырғышы қоршаған ортаға төзімді, ол топырақта ондаған жылдар бойы сақталады. Ауру жеке органды ғана емес, тұтас ағзаны да зақымдайды.
Бұл дерт Сібірде кең таралғандықтан «Сібір жарасы» деген атауға ие болған. Орыс дәрігері Степан Андреевский сібір жарасының адам мен жануарларға ортақ ауру екенін және ол жануарлардан адамға жұғатынын дәлелдеген. Сібір жарасы қойда – топалаң, ірі қарада – қараталақ, түйеде – ақшелек немесе қарабез, жылқыда – жамандат деп аталады. Сондай-ақ, жабайы жануарлар да сібір жарасы ауруымен ауырады.
№2. Аурудың белгілері қандай
Сібір жарасының инкубациялық кезеңі – орташа есеппен алғанда 2-3 күн. Бірнеше сағаттан соң 8-14 тәулікке дейін ауытқуы мүмкін. Ауру тез басталады. Алғашқы сағатта науқастың дене температурасы 38-40 градусқа дейін күрт жоғарылайды, әлсіздік пайда болады. Сібір жарасы қан (сепсис) жұқтырудың кез келген түрі арқылы дамиды.
№3. Ауру қалай жұғады
Бұл ауру адамға ауру жұққан жануардың терісінен, жүнінен немесе еттен жұғуы мүмкін. Сібір жарасы адамға үй жануарлары ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқадан жұғады. Көбінесе адамдар бұл ауруды мал сойып, терісін өңдеп, сыпырғанда, бактерия түскен ауыз су, тамақты ішіп-жегенде жұқтырып алуы мүмкін. Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды.
Сонымен қатар, инфекция төмендегі жағдайларда таралады:
Ауру малға күтім жасау кезінде зақымдалған тері немесе шырышты қабықтар арқылы;
Ұшаны өңдеу, терісін алу және өлген малдың өлексесін көму кезінде;
Егістікте ластанған топырақты қолданғанда;
Аэрогенді: ауа, шаң арқылы;
Трансмиссивті: жәндіктердің шағуы (шыбын, масалар).
№4. Сібір жарасының симптомдары:
бас ауруы;
дене қызуының жоғары болуы;
әлсіздік;
тері зақымдалғанда ісіну мен қышуы;
кеуденің ауыруы (өкпе);
тұншығу (өкпе);
қан аралас іш өту (ішек);
іштің түйілуі (ішек);
қан аралас құсу (ішек).
№5. Ауру анықталған кезде не істеу керек
Сібір жарасының белгілері байқалған кезде дереу дәрігерге хабарласу қажет. Ем-дом дер уақытында басталса, науқас сауығып кетеді. Емдеу процесі тек стационарда жүргізіледі. Науқас антибиотик немесе басқа да препараттарды дәрігердің кеңесінсіз, өз бетінше қолданбағаны абзал. Аса ауыр жағдайда науқас сібір жарасынан көз жұмуы да мүмкін. Сол себепті, аурудың алғашқы белгісі байқалғанда науқасты дереу ауруханаға жатқызу керек.
№6. Сібір жарасынан қалай сақтануға болады
Ет пен ет өнімдерін тек өнімдердің сапасын бақылайтын жерлерден сатып алу;
Ет немесе кез келген мал шаруашылығы шикізатын өңдейтін және сататын жандар гигиеналық нормаларды сақтауға міндетті;
Мал күтімі кезінде ветеринарлық-санитарлық ережелерді сақтау;
Үй малы мамандардан арнайы рұқсат алған соң ғана сойылуы тиіс;
Малдың өлексесін ретімен көму;
Үлбір және былғары шикізаттарын ветеринариялық бақылауда ұстау;
Ауру мал уақытында анықталып, оқшаулануы керек;
Ауру малға күтім жасау кезінде арнайы киім кию қажет;
Ауру жұқтырған малдың өлексесін жою;
Елдімекендердің сыртындағы мал қорымдарының жай-күйі ұдайы бақылауда болуы керек;
Мал кенеттен ауырғанда немесе өлгенде міндетті түрде мал дәрігеріне хабарлау;
Малға сібір жарасына қарсы екпе егу маңызды. Екпе сібір жарасы қоздырғышын жұқтыру қаупі жоғары жандарға және малды сою, терісін сыпыру, олардан шикізатты дайындау, сақтау, тасымалдау, өңдеумен кәсіби айналысатын адамдарға да салынады.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?