Ресей аумағында орналасқан металлургиялық кәсіпорында Қазақстанның екі азаматының мәйіті табылды, деп жазады QazNews.kz
Қайғылы оқиға «Северсталь» компаниясының негізгі активі саналатын Череповец металлургиялық комбинатының өндірістік алаңында болған. Компания таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, 14 қаңтар күні комбинат аумағынан мердігер ұйымдарда жұмыс істеген екі қызметкер өлі күйінде табылған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның себептері анықталып жатыр. Арнайы қызметтер жұмыс істеуде. Қаза тапқан қызметкерлердің жақындарына қайғыра көңіл айтамыз», – делінген «Северсталь» компаниясының хабарламасында.
Вологда облысы бойынша Ресей Федерациясының Тергеу комитеті мәліметінше, оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберіліп, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кейін белгілі болғандай, Череповец металлургиялық комбинатында қаза тапқан екі адам – Қазақстан азаматтары. Олардың өліміне байланысты қылмыстық іс тіркелді.
Алдын ала деректерге сәйкес, марқұмдар мердігер компанияда жұмыс істеп, зауыттағы құрылыс жұмыстарына тартылған. Тергеу органдары олардың өндірістік нысанда жұмыс барысында жазатайым оқиғаға ұшырағанын жоққа шығармай отыр.
Аталған факті бойынша Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 143-бабының 3-бөлігі – еңбекті қорғау талаптарын бұзу салдарынан екі адамның абайсызда қаза табуы дерегімен тергеу басталды.
Тергеу аясында оқиға орны тексеріліп, қажетті құжаттар алынған. Сондай-ақ куәлар мен іске қатысы бар тұлғалардан жауап алынып жатыр. Мемлекеттік еңбек инспекциясы мамандарының қатысуымен өндірістегі қайғылы жағдайдың себептері мен оған ықпал еткен факторларды анықтауға бағытталған кешенді тексеру жүргізілуде.
