Құрылыс саласы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 6%-ын құрайды. Кейбір жылдары құрылыс жұмыстарының көлемі 15–18%-ға дейін өсіп, экономиканың орташа қарқынынан озып отырды, деп жазады QazNews.kz
2019–2024 жылдар аралығында елде шамамен 98 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2025–2026 жылдарға мемлекет 31,6 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беруді, тозығы жеткен тұрғын үй қорын жаңғыртуды және ондаған мың жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым жүргізуді жоспарлап отыр.

«Бір қарағанда, бәрі тамаша көрінеді, – деп пікір білдіреді Qazaq Expert Club сарапшысы Светлана Нұртазина, – алайда жобаларды басқару саласының маманы ретінде мен қай тұстарды жақсарту қажет екенін көріп отырмын, себебі әңгіме жүздеген миллиард теңге туралы болып отыр.
Мұны Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) аудиттері де растайды. Тек 2025 жылдың өзінде тексеріс нәтижесі бойынша аудиторлар 24 нысанда 355 млрд теңгеге заңбұзушылықтар анықтады. Ал 2025 жылға дейінгі кезеңде 695 млн доллар (шамамен 355 млрд теңге) көлемінде бұзушылықтар, соның ішінде ресурстарды тиімсіз пайдалану және жоспарлау мәселелері анықталған».
Нұртазинаның пікірінше, негізгі себеп — құрылыс жобаларын басқарудың ескірген моделі.
«2018 жылдан бастап Қазақстанда Ұлттық жобалық басқару жүйесі енгізілді: үкімет, министрліктер және әкімдіктер жанынан жобалық кеңселер құрылды. Бірақ іс жүзінде кеңселердің көпшілігі жобаларды басқармайды, оларды әкімшілік тұрғыда ғана сүйемелдейді: есептер жинайды, жиынтық ақпарат қалыптастырады, ақпарат ұсыну мерзімдерін бақылайды», – деп толықтырды сарапшы.
Оның ойынша, жағдайды өзгерте алатын негізгі қадам — жобаны басқаруға мандаты бар, шешімдерге, мерзімдерге, бюджетке және жобаның архитектурасына ықпал ете алатын басқарушылық буынды енгізу.
«Сонымен қатар жедел басқарушылық шешімдер де мүмкін, – дейді Светлана. – Бұл — жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу процесін жобалық кеңсенің сүйемелдеуі, құрылыс-монтаж жұмыстары кезеңінде бақылау нүктелерінде тұрақты ревью өткізу, тек мерзімдер мен бюджетті ғана емес, шешімдердің өміршеңдігін де талдау».
Материал Qazaq Expert Club құрылыс саласындағы сарапшысы Светлана Нұртазинаның пікіріне негізделіп дайындалды.



