Қазақстанда жеке пайдалануға арналған автокөліктерді елге әкелу тәртібіне қатысты түсініктеме берілді. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында айтылды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Жаңа тәртіпке сәйкес, жеке тұлғалар жылына бір автокөліктен артық әкеле алмайды. Сонымен қатар көлік құралының шығарылғанына бес жылдан аспауы және экологиялық талап бойынша кемінде Еуро-5 стандартына сәйкес келуі қажет.
22 қыркүйектен бастап кәдеге жарату алымы (утильалым) кедендік рәсімдеу аяқталғанға дейін төленуі тиіс. Алайда алым мөлшері бұрынғы деңгейде сақталады және өзгермейді.
Көлікті тіркеу үшін электронды көлік паспорты рәсімделуі керек. Оған дейін автокөлік конструкциясының қауіпсіздігін растайтын арнайы куәлік алу талап етіледі.
«Атамекен» өкілдерінің айтуынша, аталған негізгі талаптардың басым бөлігі бұған дейін де қолданыста болған. Қазір мемлекет автокөлікті елге әкелу, кедендік рәсімдеу, кәдеге жарату алымын төлеу және тіркеу процестерін біріздендіріп, бірыңғай жүйеге келтіріп жатыр.


