2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қозғалтқыш көлемі 4 мың текше сантиметрден асатын жеңіл автокөліктерге салынатын көлік салығы айтарлықтай артты, деп жазады QazNews.kz
Жаңартылған Салық кодексіне сәйкес, енді мұндай көліктер үшін жылдық салық мөлшерлемесі 117 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. Бұған дейін бұл санаттағы автокөлік иелері 100 АЕК төлеп келген. Осылайша, салық көлемі бірден 17 пайызға өсті.
2026 жылға белгіленген АЕК мөлшері 4 325 теңге болғандықтан, қозғалтқыш көлемі 4 литр және одан жоғары автокөліктер үшін жылдық көлік салығы 506 025 теңгеге жетіп отыр.
Бұл өзгеріс ең алдымен ірі жол талғамайтын көліктерге, қуатты седандарға және қозғалтқыш көлемі үлкен премиум-класс автокөліктерінің иелеріне әсер етеді. Аталған салық өсімі 2026 жылғы салық кезеңінен бастап қолданылады.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғайды. Бұл өзгеріс импорттық автокөліктердің бағасына тікелей әсер етеді. Сарапшылардың болжамынша, шетелден әкелінетін көліктердің құны орта есеппен 5–10 пайызға, ал кейбір модельдер бойынша одан да жоғары өсуі мүмкін.


