Қазақстанда еңбек нарығы елеулі өзгерістерге ұшырайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Министрдің айтуынша, алдағы жылдары бірқатар кәсіптер өзектілігін жоғалтып, олардың орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Әсіресе корректорлар мен деректерді енгізумен айналысатын қызметкерлерге сұраныс төмендеуі мүмкін.
Сонымен қатар көптеген мамандықтар толық жойылып кетпей, жаңа талаптарға сай өзгеріске ұшырайды.
Осы үрдістерді ескере отырып, кадр даярлау жүйесін жаңарту жоспарланып отыр. Асқарбек Ертаев болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар алдын ала айқындалып, білім беру бағдарламалары еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделетінін айтты.
Сондай-ақ сұраныс жоғары кәсіптер тізімі айтарлықтай кеңеймек. Қазіргі таңда мұндай мамандықтар саны 51 болса, алдағы уақытта олардың саны 174-ке дейін жеткізіледі.
Жаңа тізімге инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл энергетика және ядролық энергетика салаларындағы мамандықтар енгізіледі.


