Сауда және интеграция министрлігі қазақстандықтардың шағымдары негізінде жанармай сапасына тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, тексеру қорытындылары алдағы бір апта ішінде белгілі болады, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Министрлік бұған дейін Павлодар мұнай-химия зауытынан шыққан бензинге қатысты да тексеру жүргізілгенін еске салды. Сонымен қатар қазіргі уақытта Sinoil, QazaqOil және Helios жанармай құю желілерінде сатылатын қоспалары бар отын үлгілері де зерттеліп жатыр.
Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда азаматтардан түскен 12 өтініш қаралуда. Оның ішінде 9 өтініш Астанадан, 1-еуі Павлодардан және 2-еуі Солтүстік Қазақстан облысынан түскен.
Бұдан бөлек, 17 жанармай құю бекетінде бақылау мақсатында сатып алу жүргізілген. Оның 5-еуі Алматы қаласында, тағы 5-еуі Алматы облысында, 6-еуі Абай облысында және 1-еуі Жамбыл облысында орналасқан. Қазіргі уақытта алынған отын үлгілеріне зертханалық сараптама жасалып жатыр.
Министрлік тексеру барысында мұнай базаларынан бастап жанармай құю бекеттеріне дейінгі бүкіл жеткізу тізбегі қамтылатынын атап өтті.
Егер тексеру нәтижесінде сапасыз бензин анықталса, мұндай өнімді сатуға тыйым салынып, партиясы айналымнан алынады.


