Кәсіпкер Қасым Қасабеков Алматы облысының тау бөктерінде орналасқан Ақтас тау-шаңғы курортында бірқатар мәселеге куә болғанын айтып, мемлекеттік тілдің қолданылмауы мен қызметкерлер құрамына қатысты пікір білдірді, деп жазады QazNews.kz
Кәсіпкердің айтуынша, курорттағы аспалы жол уақытша тоқтаған сәтте дабыл хабарламалары тек орыс және ағылшын тілдерінде берілген, ал қазақ тілінде ескерту жасалмаған.
“Біз Қазақстанда тұрамыз. Сонда неге ескерту тек орысша және ағылшынша айтылады? Қазақ тілінде неге жоқ?”, – дейді ол.
Кәсіпкер сондай-ақ курорттағы қызметкерлер құрамына да назар аударды. Сөзінше, демалыс орнында жұмыс істейтін қызметкерлердің басым бөлігі өзге ұлт өкілдері, ал қазақ ұлтының өкілдері сирек кездеседі.
“Мен ұлтқа бөлінуді мақсат етпеймін. Қазақстан – көпұлтты ел. Бірақ сонда қазақтар бұл салада жұмыс істей алмай ма? Қазақтар шаңғы тебуді білмей ме, инструктор, инженер немесе күзетші бола алмай ма?”, – деп таңданысын білдірді Қасабеков.
Ол бұл сұрақты курорттағы қызметкерлердің өздеріне де қойғанын айтады. Алайда олар да не себепті қазақ ұлты өкілдерінің аз екенін нақты түсіндіре алмаған. Кәсіпкер туристік нысандарда қазақ тілінің қолданысы мен отандық мамандардың тартылуы маңызды екенін атап өтті.


