Тарихта медбикелердің басқаларды құтқару үшін өз өмірлерін қатерге тігіп, батылдық пен жанқиярлық танытқандары туралы көптеген мысалдар бар. Мысалы, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мыңдаған әйелдер жаралыларға көмек көрсету үшін далалық ауруханаларда жұмыс істеді. Олардың жұмысы көлеңкеде қалып қалатын жағдайлар да болатын, бірақ медбикелердің медицина саласында айтарлықтай өз орындары бар.
Солардың бірі аға сержант Гүлзира Қожағұлова, ол 20 жылдан астам уақыт Тараз қаласындағы Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде фельдшер болып қызмет атқарады.
Гүлзира Бердікұлқызы 1982 жылы 14 қазанда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Көктал ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Отбасында Гүлзирадан басқа 4 бала болды. Кейіпкеріміз 1999 жылы туған жеріндегі Көктал орта мектебін жақсы аяқтап, бала күнінен армандаған медицина маманыүшін Жамбыл облыстық медицина колледжіне түсіп, 2002 жылы «емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып шықты. Сол жылы жеке емханада медбике болып еңбек жолын бастады.
Отан алдындағы борышын өтеп келген ағаларының әскери киімдері оған қатты ұнайтын,сондықтан да болар әскери адам болуға қызықты. Сол арманы 2003 жылы Ұлттық ұлан қатарына келіп қосылуға жетеледі. 2008 жылға дейін 5513 әскери бөлімінің медциналық пунктінің медбикесі болып қызмет атқарды. Әрі қарай Гүлзира Бердікұлқызысержант—фельдшер, медициналық пунктің аға маманы лауазымдарында қызмет етті. Әскери фельдшердіңқызметі өз батальонымен, жеке құраммен біте қайнасып өтіп жататын. Олай дейтініміз, Гүлзира қызметте де, бөлімнің ішкі тұрмысында да әрқашан жеке құраммен бірге еді. Олардың денсаулығын әрдайым қадағалап, назарында ұстап отырды.
Бір жылдары Гүлзира әдеттегідей жұмысқа келе жатқанда, жол апатына түсіп, қатты қиналып жатқанер адамды көреді. Бұл жағдайда уақыт созуға болмайтындығын бірден түсінген Гүлзира қажетті медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалды. Осылай ол өз ісінің маманы екендігін тағы бір дәлелдеген.
2022 жылы қаңтар оқиғасы кезінде декреттік демалыста болғанына қарамастан, жұмысқа шығып,әріптестеріне көмектескен де болатын.
Әйелдердің әскери қызметке келуі олардың мүмкіндіктері мен кәсіпқойлығын көрсетеді. Соңғы онжылдықта нәзік жандылардың әскери қызметтегі рөлінің айтарлықтай өзгергеніне куә болдық. Бүгінгі күнде әскери мамандықты таңдайтын әйелдердің қатары артып, өздерінің күш-қуатын, кәсібилігін және қызметке берілгендігін көрсетуде.
2024 жылы әйелдер арасында Тараз қаласында өткен Макаров тапаншасы мен АК-47 қаруынан ату жарысында Қожағұлов Гүлзира аса мергендігімен көзге түсіп, 1-орын иеленді. Бұл оның тек медицина саласында ғана емес, жауынгерлік дайындығы жағынан үлкен тәжірбиесі бар екенін көрсетеді.
— Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп жүргенімді абырой санаймын. Өзіме қызметім қатты ұнайды.Әскери қызметтегі жиырма жылымда мен нағыз тәртіппен командалық күштің кез келген қиындықты жеңе алатынын білдім. Менің қызметім маған кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен қатар өз қабілеттеріме сене білуді берді. Мен қызметтегі әрбір күнімді мақтан тұтамын және сынақтарға дайынмын. Кез келген мұқтаж жанға көмектесуге тырысамын. Әскери қызметтен бөлек, өнерге де жақындығым бар, ән айтқанды, биді ұнатамын. Сүйікті ісім – гүл өсіру. Түрлі гүлдерді күтіп-баптағанды жақсы көремін, — дейді өзі жайлы Гүлзира Бердікұлқызы.
2004 жылы Гүлзира Бердікұлқызы Асхат Амалбекұлының ұсынысын қабыл алып, екеуі шаңырақ көтерген еді. Жұбайы Жамбыл облысындағы «КАЗФОСФАТ» заводында жұмыс істейді. Сүттей ұйыған отбасында төрт бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Азамат – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универитетінің 2 курс студенті. Қызы Сымбат – 9 сынып оқушысы. Үшініші перзенті Нұрхат 3 сыныпқа қадам басады. Кенже ұлы Самғат – балабақшада.
2024 жылдың маусым айынан бастап, қызметтік қажеттілікке байланысты Қожағұлов Гүлзира атқыштар батальонына бақылаушы болып ауысып келді. Бақылаушылар түрмеге кіруге тыйым салынған заттарды немесе қылмыс жасау үшін пайдаланатын заттардың кіруін болдырмауын қадағалайды. Бақылаушы мамнының тағы бір міндеті – түрмеге жақындарымен кездесуге келген адамдарды тексеру.
Гүлзира бұл қызметке жуырда келгеніне қарамастан, өз ісінің маманы екенін бірнеше рет дәлелдеп үлгерді. Жақында қысқа мерзімге көрісуге келген адамдарды тексеру барысында, бірінің беліне тыйым салынған затты скотчпен орап алғанын байқап, әрі қарай өтіп кетуіне жол бермеді. Осы әрекетімен нағыз бақылаушыға тән қырағылық танытты.
Бүгінгі күні Гүлзира Бердікұлқызы ер адамдармен иық тірестіріп, қызметін абыройлы жалғастырып келеді. Оның қызметтегі әрбір жетістігі, отбасықұндылықтарын бағалай білуі – жастар үшін үлгі аларлық қасиеттер. Аға сержант Гүлзира Қожағұлованың қызметін бөлімнің қолбасшылығы ескерусіз қалдырмайды, оған жоғары қолбасшылық тарапынан берілген көптеген марапаттар дәлел, сонымен қатар Гүлзира Бердікұлқызы ІІІ, ІІ, І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарының иегері.
Курсант Әлішер АСҚАРБЕК,
Алматы – Тараз