Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінде психолог мамандардың қатысуымен үш күндік оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – әскери психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу және әскери қызметшілермен жұмыс жүргізудің заманауи тәсілдерін жетілдіру.
Жиын барысында қатысушыларға психологиялық қызметтің негізгі бағыттары бойынша дәрістер оқылып, практикалық сабақтар өткізілді. Атап айтқанда, әскери ортадағы моральдық-психологиялық ахуалды тұрақтандыру, күйзелістің алдын алу, жеке құраммен тиімді жұмыс жүргізу әдістері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, әскери қызметшілердің психологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер мен әдістемелер таныстырылды.
Оқу-әдістемелік жиын аясында тәжірибелі мамандар өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, нақты жағдайлар бойынша талдау жұмыстарын жүргізді. Қатысушылар түрлі тренингтер мен топтық жаттығуларға қатысып, кәсіби дағдыларын шыңдады.
Іс-шара қорытындысы бойынша психологтар алдағы уақытта атқаратын қызметтеріне қатысты ұсыныстарын білдіріп, әскери ортадағы психологиялық жұмысты одан әрі жетілдіру бағытында нақты міндеттер белгіледі.
Осындай оқу-әдістемелік жиындар әскери бөлімдердегі психологиялық қызметтің тиімділігін арттырып, жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын нығайтуға өз үлесін қосады.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі


