Йемендегі хуситтер ұшырған зымыран Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі Наджран провинциясының тұрғын үй аумағына құлап, алты адам жарақат алды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Бұл туралы жексенбі күні корольдіктің Азаматтық қорғаныс басқармасы хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға салдарынан үш үй мен үш автокөлік зақымданған. Азаматтық қорғаныс басқармасы бейбіт тұрғындардың нысандарына жасалған шабуылдар халықаралық гуманитарлық құқықты өрескел бұзу екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Наджран провинциясында ерте ескерту жүйесі іске қосылған. Алайда кейін билік қауіптің жойылғанын хабарлаған.
Наджранда әскери тікұшақ та апатқа ұшырады
Reuters агенттігінің хабарлауынша, сол күні Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы Наджран провинциясында AH-6i жеңіл шабуылдаушы тікұшағының апатқа ұшырағанын мәлімдеді.
«Сауд Арабиясы бастаған коалицияның хабарлауынша, AH-6i тікұшағы техникалық ақауға байланысты Наджран провинциясында апатқа ұшырады. Экипаждың екі мүшесі қаза тапты», – делінген хабарламада.
Хуситтер мен Сауд Арабиясы арасындағы қақтығыс қайта күшейді
Иран қолдайтын йемендік хуситтер мен Сауд Арабиясы арасындағы әскери қимылдар төрт жылдық үзілістен кейін тамыз айында қайта жанданды.
Бұған хуситтердің Қызыл теңізде Сауд Арабиясының танкерлеріне шабуыл жасауы себеп болған. Олар мұндай әрекеттерін Эр-Рияд қолдайтын Йемен армиясының Сана әуежайына жасаған соққыларына жауап ретінде түсіндірген.


