Құлсарыда мектепте балта ұстап жүрген жасөспірім екі оқушыны жарақаттаған, деп жазады QazNews.kz
5 ақпанда 102 арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы қатарластарымен жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған.
«Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетіп, жасөспірім ұсталды. Оқиғаға қатысушылар мен олардың ата-аналары полиция бөліміне жеткізілді», — деді полиция.
Бұл дерекке қатысты бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының есебіне алынды.
«Жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды. Сондай-ақ, жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды», — деді полиция.
Қылмыстық іс аясында қылмысқа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы білім беру бөліміне ұсыныс енгізілді. Тергеу қорытындысы бойынша білім беру ұйымының лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ, оқу орнын күзетуді жүзеге асырған күзет агенттігі қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.



