Атырау облысының полиция департаменті қаза болған ерлі-зайыптының күйеубаласы 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевті іздестіріп жатыр, деп жазады QazNews.kz
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта қылмысқа қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар тексеріліп жатыр. Тергеу аясында барлық нұсқалар жан-жақты қаралуда.
Сондай-ақ полиция әлеуметтік желілерде «хакер» ретінде танылған азаматқа қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді. Аталған адам жоғалғандарды өз бетінше іздестіріп, SIM-карталар мен қаржылық операцияларға талдау жасағанын мәлімдеген.
Алайда полиция бұл деректердің барлығы құқық қорғау органдарының заңды жедел-іздестіру шаралары барысында алынғанын атап өтті.
«Аталған азамат жаңа деректер алған жоқ және өздігінен талдау жүргізбеді. Ол таратқан мәліметтер ресми ориентировкаларда бұрыннан бар ақпаратпен толық сәйкес келеді», – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары тарапынан қысым немесе қоқан-лоққы көрсетілді деген ақпарат та жоққа шығарылды. Полицияның мәліметінше, «хакер» ретінде танылған бұл тұлға қазіргі уақытта төрт алаяқтық дерегі бойынша тергеліп жатыр және өзі де іздеуде жүр.
Еске салайық, бұған дейін полиция жоғалған ерлі-зайыптыларды және олардың екі ересек баласын іздестірген болатын. Алдымен 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев жұмысына кетіп, содан кейін байланысқа шықпаған. Кейін қазан айында Жангелді ауылынан оның ата-анасы мен әпкесі «дәрігерге барамыз» деп шығып, хабарсыз кеткен.
Тергеу барысында отбасының мүліктері сатылып, түскен қаражат әкесінің банк шотына аударылғаны анықталған. Жоғалғандар туралы полицияға арыз 2025 жылғы 25 желтоқсанда түскен.
Тергеу жалғасып жатыр.
