2025 жылы Алматы қаласының көше-желісін жөндеу және қайта құру жұмыстарына 78,8 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржы қала инфрақұрылымын жақсартуға және жол сапасын арттыруға бағытталған.
Биылғы жылдың қаңтар айында «Алматы қаласы бойынша қалалық мобильдік басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен көше-жол желісі бойынша жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу мақсатында 240 миллион теңге көлемінде келісімшарт жасалды. Оның ішінде ведомстволық сараптама жүргізуге 56 миллион теңге қаражат қарастырылған.
Жалпы алғанда, биыл 115 жоба көше-желісі бойынша жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда ведомстволық сараптама жүйесіне енгізілген жоба саны 69, оның ішінде 67 жоба бекітілген. Ал бір жоба тексерісте болса, тағы бірі тапсырыс берушіге түзетуге қайта жіберілді.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының бөлім басшысы Айдар Бейісбековтің айтуынша, сараптама барысында әрбір жобаның техникалық шешімдері мен материал сапасы мұқият зерделенеді:
«Біздің мақсат – бөлінген әр теңгенің тиімді жұмсалуын және жол құрылысында қолданылатын материалдардың сапалық талаптарға сай болуын қамтамасыз ету. Соңғы уақытта сараптамадан өтпей қалған жобалар бойынша түзету енгізу ұсыныстары беріліп, ол жұмыстар бақылауға алынған», — дейді Айдар Бейісбеков.
Осылайша, Алматы қаласында жол жөндеу сапасын бақылау мен сараптама процесі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары мен көлік жүргізушілерінің қауіпсіз әрі жайлы қатынауына мүмкіндік береді.
