Алматы әкімдігі 2026 жылғы 14 тамызда энергетикалық жүйедегі қуат теңгерімінің апатты бұзылуына байланысты қалада сыртқы электрмен жабдықтау уақытша тоқтағанын хабарлады, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Қазіргі уақытта барлық қалалық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, мегаполистің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Электр қуатының өшуіне байланысты Алматы метрополитенінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Метро станциялары жарық толық қалпына келтіріліп, байланыс рельстеріне кернеу берілгенге дейін кіріп-шығу үшін жабық болады. Метро қозғалысының қайта іске қосылатыны туралы қосымша хабарланады.
Қаланың медициналық ұйымдары штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Ауруханалар мен өзге де медициналық мекемелер дизельді генераторлар және үздіксіз қуат көздерімен қамтамасыз етілген. Резервтік электр энергиясы ең алдымен жансақтау бөлімдеріне, операциялық блоктарға, қабылдау бөлімдеріне, өмірді қамтамасыз ету жүйелеріне және басқа да маңызды жабдықтарға беріледі. Жедел медициналық көмек көрсету жұмыстары қалыпты тәртіппен жүргізілуде.
Әкімдік мәліметінше, электр қуатының өшуіне байланысты кейбір аудандарда су қысымы төмендеп, сумен жабдықтауда уақытша іркілістер болуы мүмкін. Әсіресе көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарында су беру қиындауы ықтимал. Бұл электр энергиясымен жұмыс істейтін сорғы станцияларының уақытша тоқтауына байланысты.
Электр қуаты қалпына келтірілгеннен кейін сорғы станциялары қайта іске қосылып, сумен жабдықтау біртіндеп қалпына келтіріледі.
Сондай-ақ қаланың бірқатар бөлігінде электр желілеріне тәуелді бағдаршамдар жұмысын тоқтатты. Осыған байланысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері көлік қозғалысын қолмен реттеуге кірісті.
Алматы әкімдігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырғанын және қала тіршілігін қамтамасыз ететін нысандардың жұмысын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын мәлімдеді.
Билік өкілдері тұрғындарды сабыр сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды. Электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.


