Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынады. Парламент Мәжілісі ойын бизнесінің қызметі бойынша түзетулерді қабылдады. Оның негізгі артықшылықтары туралы Мәжіліс депутаты Руслан Берденов түсіндірді, деп хабарлайды QazNews.kz.
Жаңа заң жобасында лотерея билеттерін тарату ережелері белгіленеді. Сондай-ақ елде букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға қатаң тыйым салынады. Мәжілісте екінші оқылымда мақұлданып, Сенат қарауына жолданған заңда ең маңызды бағыт- жарнама. Бұл бәрімізді шаршатты. Құмар ойындарының жарнамасы ғимараттардан, телеарна, радио, көшелерден және барлық платформалардан алынады, дейді Руслан Берденов.
“Мемлекеттік және әскери қызметкерлерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынады. Бұл салада қазір 280 мың адам жұмыс істейді. Олардың қай қайсысы да жұмыстан аластатылады. Ал онлайн казинолардың қызметін ұйымдастырғандарға қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Енді 95 пайыз жарнамадан құтыламыз, деп ойлаймын. Тек кейбір спорт жарыстарында ғана оны қолдануға болады. Бұл үкіметтің позициясы. Біздікі емес”,- деді Мәжіліс депутаты.
Тағы бір мәселе, ол – қарызы бар тұлғаларға қатысты. Микрокредиттік ұйымдардан қарыз алып, құмар ойындарына ұтылып, сосын тағы да осы саладан қарыз алатын адамдар саны анықталды. Мұндай азаматтардың біздегі саны 3,5 миллион адамға жеткен. Енді олар құмар ойындарына беттей алмайтындай заңға нормалар енгізілді, деп атап өтті Р. Берденов.
Алайда Мәжіліс депутаты бұл заң нормаларының қалай жүзеге асатыны, оның механизмдері туралы ашып айтқан жоқ. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Respublica партиясының фракциясы букмекерлік кеңселердің қызметін шектеуге бағытталған 24 түзетуге бастамашы болған. Заң ҚР Сенатына қарауға жіберілді. Жоғарғы палата мақұлдаса, президенттің қол қоюына кетеді.