Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың V Ұлттық құрылтай отырысында: «Елдегі автокөлік жолдарын халықаралық стандарттарға сай жаңғырту – айрықша маңызды міндет» деп атап өтуін жолшылар қауымы үлкен жауапкершілікпен қабылдайды деп сенемін.
Бұл ретте жол құрылысының өзімен қатар, жол сапасын қадағалау мен оның белгіленген стандарттарға сай болуын қамтамасыз ету де аса маңызды. Аталған бағыттағы жүйелі бақылау мен сараптаманы Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жүзеге асырып келеді.
Себебі автомобиль жолы – елдің күре тамыры, яғни экономикамыздың басты қозғаушы күштерінің бірі. Кеңес кезеңінде еліміздің шикізатын орталыққа тасымалдауға негізделген саясаттың салдарынан Қазақстандағы негізгі күре жолдардың басым бөлігі оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытталғаны белгілі.
Соңғы жылдардағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі. Алайда осы жолдың Қызылорда – Ақтөбе аралығындағы бөлігінде көлік қозғалысының күрт артуына байланысты жол қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптар толық сақталмай отыр. Мұндай жағдайда жолдың техникалық жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап, сапасына ерекше мән беру – уақыт талабы.
Зайырлы мемлекет ретіндегі басты қағидаларымыздың бірі – азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының аталған жолды кеңейту жөніндегі тапсырмасы кезек күттірмейтін маңызды мәселе екенін айқын көрсетеді.
Аталған күре жолдың бір тармағы саналатын Қызылорда – Жезқазған автожолы да Мемлекет басшысының назарында тұрған стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Бұл жол торабы көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келетін жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін еліміздің Солтүстік және Шығыс өңірлеріне жылдам, сапалы әрі қолжетімді бағамен жеткізудің тиімді жолы болмақ. Жол толық пайдалануға берілген соң бұл бағыттағы көлік қарқындылығы бірнеше есе артады, сондықтан оның сапасы мен қауіпсіздігіне бүгіннен бастап жүйелі бақылау қажет.
Сондай-ақ, «Орталық пен Батысты» байланыстыратын жол мәселесі де өзекті. Қасым-Жомарт Кемелұлының 2025 жылғы Жолдауында «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының құрылысын жеделдету жөнінде нақты тапсырма бергені баршамыздың есімізде.
Осы уақытқа дейін еліміздің Солтүстігі мен Батысын тікелей байланыстыратын күре жолдың болмауы – үлкен олқылық еді. Аталған жобаның іске асуы жер байлығы мен ел байлығын Маңғыстау облысындағы Құрық порты арқылы Каспий теңізіне шығарып, экономикалық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік береді.
Халық тығыз орналасқан Түркістан облысындағы жолдарды қайта жаңғырту мәселесі де ерекше назарды талап етеді. Бұл өңірде жол сапасын арттыру тек инженерлік емес, ғылыми негізделген кешенді шешімдерді қажет етеді.
Техника ғылымдарының кандидаты,
«Құрметті жолшы»
Құлманов Қалижан Серікұлы



