Қазақстанда вице-президент лауазымы пайда болады, деп жазады QazNews.kz
Бұл туралы Ұлттық құрылтай отырысында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Жаңа лауазымның негізгі өкілеттіктерін Мемлекет басшысы айқындайды. Вице-президенттің құзыретіне Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мүдделерін таныстыру, Парламентпен өзара іс-қимыл жасау және Президент тапсырмаларын орындау кіреді.
Ұсынысқа сәйкес, вице-президент институтын енгізу туралы норма Конституцияда бекітілуі мүмкін. Сонымен қатар Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін бірқатар құрылымды қысқарту және мемлекеттік кеңесші лауазымын алып тастау көзделіп отыр.
Бастаманы қолдаушылардың айтуынша, бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыруға, билік тармақтары арасындағы өзара байланысты күшейтуге және шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге бағытталған.
Вице-президент қызметі 1996 жылы 22 ақпанда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен күшін жойды. Сол уақытта бұл қызметті атқарған Ерік Асанбаев қызметінен босатылып, вице-президент институты мемлекеттік басқару жүйесінен алынып тасталды.
Айта кетейік, Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр.
Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары 2022 жылы Ұлытауда, 2023 жылы Түркістанда, 2024 жылы Атырауда, 2025 жылы Бурабайда өтті.
