Ақтауда екі ер адам пошта бөлімшесінен есірткі салынған сәлемдемені алып, полициядан қашуға әрекеттенді, деп жазады QazNews.kz
Алдын ала мәліметке сәйкес, күдіктілер «Қазпошта» бөлімшесінен пошталық сәлемдемені алған сәттен кейін тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талабын елемей, автокөлікпен қашып кеткен.
Қуғын кезінде олар сәлемдемені жол бойына лақтырып жіберген. Алайда қашу сәтсіз аяқталып, жол-көлік оқиғасы болды. Осыдан кейін күдіктілер көлікті тастап, жаяу қашпақ болғанымен, екеуі де қолға түсті.
Сараптама қорытындысы бойынша, лақтырылып кеткен пошталық сәлемдеменің ішінде жалпы салмағы шамамен 400 грамм героин болғаны анықталды.
Аталған дерек бойынша есірткі құралдарын заңсыз тасымалдау фактісімен қылмыстық іс қозғалды.
Медициналық куәландыру нәтижесінде ұсталғандардың қанында есірткі заттары бар екені расталды. Сот шешімімен көлік жүргізушісіне есірткілік мас күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік тағайындалып, автокөлік арнайы айыптұраққа қойылды.
Сондай-ақ, екі азамат та есірткіні медициналық мақсатсыз тұтынғаны үшін арнайы қабылдау орнына қамалды.
