Оның ең бастысы – жазда ғана облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына тағайындалған Данияр Уахитовтың істі болуы.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қызметіне кіріскеннен соң 4 айдан кейін Данияр Уахитовты аудан әкімінің орынбасары лауазымынан бірден басқарма басшысы деңгейіне көтерген болатын. Екеуі бұрын Ұлан ауданында бірге қызмет атқарған. Нұрымбет Сақтағанов – аудан әкімі, Данияр Уахитов – осы ауданға қарасты Таврия ауылдық округінің әкімі болды.
Тағайындау барысында өңір басшысы «Данияр Асқарұлы 17 жылдық еңбек өтілі бар, 9 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеген мол тәжірибесі бар. Оған жолаушылар көлігінің үздіксіз қозғалысын, жолдардың мерзімінде және сапалы жөнделуін, өңірде жаңа жол магистральдарын салуды қамтамасыз ету сынды маңызды әрі жауапты жұмыс бағыты тапсырылып отыр», – деген болатын.
Мұндай міндеттерді атқару барысында олқылықтар болса керек, желтоқсан айының басында әлеуметтік желілерде Данияр Уахитов 150 млн. теңге парамен ұсталды деген ақпарат тарады.
Hronika.kz порталы жолдаған ресми сауалға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Данияр Уахитовқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатқандығын хабарлады.
Дәстүрлі түрде басқарма басшысы қызметтен жедел түрде босатылған. Баспасөз қызметі журналистердің сауалына «лауазымды шенеунікті қызметтен алып тастау сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында жүргізілгендігін, Данияр Уахитовтың іс-әрекеттерінде заңға қайшы тұстары бар, материалдар құқық қорғау органдарының қарауында» деп жылы жауып хабарлаған.
Мұндай дауға қоса облыс орталығы Өскемен қаласындағы Ертіс өзенінің үстінен өтетін көпір ұзақ уақыт күрделі жөндеуден өткен еді. Сол көпір келер жылы қайтадан жөнделмекші. Тіпті, құрылысы ұзақ жүрген көпірдің жанынан басқа көпір салынуы да мүмкін. Ел арасында, БАҚ беттерінде «Шнейдер көпірін» жөндеуге бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалғаны айтылып жүр. Ал көпірдің қирауына қатысты «жұмыс сапасыз жүргізілген» деп қылмыстық іс қозғалды. Облыс әкімі де журналистерге берген сұқбатында көпір сапасыз салынғанын, келер жылы жөндеу жұмыстары қайта жүргізілетінін айтты.
