Халықаралық бағдарламалар орталығында «Болашақ» халықаралық стипендиясына іріктеу тәртібіне енгізілетін негізгі өзгерістер таныстырылды, деп жазады QazNews.kz
Енді конкурс екі кезеңді іріктеу механизмі бойынша өтеді. Бірінші кезеңде белгіленген өту балын жинаған үміткерлер ғана екінші турға жіберіледі. Орталықтың мәліметінше, 2025 жылғы үш іріктеу қорытындысы бойынша бірінші кезеңнен өте алмаған 131 адам тіркелген. Бұл қабылданған өтінімдердің 5 пайызына тең.
Сонымен қатар, шетелдік жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар күшейтілді. Енді «Болашақ» стипендиясы тек QS University Rankings халықаралық академиялық рейтингінің «by subject» бағыты бойынша үздік 100 қатарына кіретін университеттерге беріледі.
Бағдарламада жаратылыстану-техникалық бағытқа басымдық сақталады. Бұл бағыттағы стипендиялардың үлесі кемінде 60 пайызды құрауы тиіс. Айта кетсек, аталған көрсеткіш 2022 жылы 59,2 пайыз болса, 2025 жылы 69,6 пайызға дейін өскен.
Тағы бір маңызды өзгеріс – бағдарлама түлектеріне еңбек өтеуді халықаралық және өңірлік ұйымдарда, атап айтқанда БҰҰ, БҰҰДБ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ және өзге де ұйымдарда өтеуге рұқсат берілді.
Сонымен бірге, орыс тілі мемлекеттік немесе ресми тіл болып саналмайтын елдерде орыс тілінде білім алу немесе тағылымдамадан өту мүмкіндігі алынып тасталды.
Бұдан бөлек, үміткерлерге конкурсқа қайта қатысуға мүмкіндік берілді. Орталық дерегінше, 2025 жылы 2 600 өтінім қабылданған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда (1 893 өтінім) айтарлықтай көп.
