Алматыда аулада ойнап жүрген баланы бар күшімен жүгіріп келіп тепкен азамат екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп жазады QazNews.kz
Белгілі заңгер Әділетхан Молдахан Алматы қаласында баланы тепкен ер адамды қандай жаза күтіп тұрғанын айтты. Ол қамауға алынған азаматты заң нормасы бойынша үш тәуліктен кейін босататынын, содан кейін үйқамақта болатынын түсіндірді.
«Қылмыстық кодекстің 108 бабы 2-тармағы бойынша қамалған азамат екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ ол жазасын жалпы режимдегі колонияда емес, ары кетсе қоныстану колониясында (колония поселение) өтейді. Бұл — әділ жаза емес«,- дейді заңгер.
Бұл әрекеттің қасында көшедегі бұзақылықтың жазасы қатаң. Біздің елде бала, әйел адамдар зардап шеккенде заңның осындай солқылдақ тұстары да бар деген пікірде маман.
Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласының Алатау ауданында орналасқан «Каспий» тұрғын үй кешенінде ер адам аулада ойнап жүрген баланың біріне күш қолданды деген ақпарат тарады. Оқиға барысында ер адамның жұбайы да келіп, зардап шеккен баланың әжесімен сөзге келіп қалғаны хабарланды.
