Қазақстанда ел алдында ерекше еңбегі сіңген немесе төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға қосымша әлеуметтік көмек ретінде республикалық бюджеттен ай сайын арнайы мемлекеттік жәрдемақы (АМЖ) төленеді, деп жазады QazNews.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушылардың саны 207 780 адамды құрап, оларға жалпы 22,3 млрд теңге төленді.
Бұл мемлекеттік қолдау түрі Қазақстанда 1999 жылы енгізілген және халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі саналады.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақы алуға Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған 17 санаттағы азаматтардың құқығы бар. Олардың қатарына жататындар:
— Ұлы Отан соғысының ардагерлері және өзге мемлекеттердің аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер;
— Отан соғысы ардагерлеріне жеңілдіктер бойынша теңестірілген тұлғалар;
— Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері және қаза болған әскери қызметшілердің отбасылары;
— «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» сияқты жоғары дәрежелі марапаттарға ие болған тұлғалар;
Тыл еңбеккерлері;
— Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысушылар;
— Саяси қуғын-сүргін құрбандары, оның ішінде мүгедектігі бар немесе зейнеткер жастағы азаматтар;
— Қазақстан Республикасы алдында сіңірген ерекше еңбегі үшін тағайындалған зейнетақы алушылар және өзге де санаттағы азаматтар.
Жәрдемақының мөлшері алушының санатына байланысты және 2,13-тен 138,63 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі көлемде белгіленеді. Бұл 8 375 теңгеден 545 мың теңгеге дейінгі сомаға тең. АМЖ мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен айқындалатын АЕК көлемінің артуына орай жыл сайын өсіп отырады.
Сондай-ақ, АМЖ алуға бірнеше негізі бар тұлғаларға жәрдемақы олардың өз таңдауы бойынша тек бір негіз бойынша ғана төленетіні атап өтіледі.
