Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту жөніндегі рейтингінде сегіз сатыға жоғарылап, алғаш рет әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді. Қазір еліміз 16-орында тұр. Бұл көрсеткіш бойынша Германия, Жапония және Швециядан алда, деп жазады QazNews.kz.
Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.
Соңғы екі жылда Қазақстан 193 мемлекет қамтылған рейтингте 24-орыннан 16-орынға көтерілген. Электронды үкіметті дамыту индексі 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өскен. Ал әлемдік орташа көрсеткіш – 0,6675.
Қазақстан Ирландия және Польшамен бірге алғаш рет рейтингтің ең жоғары санатына енді. Бұл санатқа барлығы 21 мемлекет кірген. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ бар.
ТМД елдері мен Орталық Азия мемлекеттері арасында Қазақстан бірінші орында тұр.
Қазақстан ең үлкен ілгерілеуге байланыс саласында қол жеткізген. Атап айтқанда, мобильді байланыс пен интернеттің қолжетімділігі бойынша 41-орыннан 13-орынға көтерілді. Халықтың цифрлық сауаттылығы да артқан.
Министрліктің мәліметінше, қазір мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді. eGov.kz порталында 16,4 миллионнан астам адам тіркелген.
2026 жылдың алғашқы 10 айында қазақстандықтар электронды үкімет жүйесі арқылы 51 миллионнан астам қызмет алған. Оның үштен екісіне жуығы смартфон арқылы көрсетілген.


