Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ келесі жылдан бастап төлем тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы 19 қарашада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп жазады QazNews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік көмекке қатысты. Жаңа тәртіп 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, өзгерістердің негізгі мақсаты – жұмыссыз қалған азаматтардың тұрақты жұмысқа тезірек орналасуына көмектесу.
Қазақстандықтарға әлеуметтік төлем алу үшін қандай кезеңдерден өту керектігі түсіндірілді.
Бірінші кезең – мансап орталығына жүгіну және жұмыс іздеу
Жұмысынан айырылған азамат ең алдымен мансап орталығына барып, жұмысқа орналасуға көмек сұрауы керек.
Биыл 1 қазаннан бастап «жұмыс іздеп жүрген адам» мәртебесінде болу мерзімі екі күннен 13 күнге дейін ұзартылған.
Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары азаматтың кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын зерделеп, оған сәйкес келетін бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен сұхбаттасу ұйымдастырылады.
Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, бұл кезеңде азаматты жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шаралар жүргізіледі.
Екінші кезең – жұмыссыз мәртебесін алу
Егер 13 күн ішінде азаматқа лайықты жұмыс табылмаса, оған ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Алайда бұл мансап орталығының жұмысы аяқталды дегенді білдірмейді. Мамандар азаматқа сәйкес келетін бос жұмыс орындарын іздеуді жалғастырады.
Қажет болған жағдайда жұмыссыз азаматқа кәсіби оқыту орталықтарында қысқа мерзімді курстардан өту ұсынылады.
Министрлік өкілдері жұмыссыз азаматқа жұмыс іздеу шаралары әлеуметтік төлем алып жүргеніне қарамастан жалғасатынын атап өтті.
Үшінші кезең – әлеуметтік төлемге өтініш беру
Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін азамат әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш бере алады. Ол үшін бірнеше жол қарастырылған:
- eGov.kz порталы арқылы онлайн өтініш беру;
- Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы өтініш жіберу;
- екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларын пайдалану;
- ұялы телефонға келетін SMS арқылы проактивті қызметті алу;
- мансап орталығына немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне жеке жүгіну.
Министрлік әлеуметтік төлем тағайындалғаннан кейін де мансап орталығы жұмыссыз азаматқа лайықты жұмыс іздеуді жалғастыратынын ескертті.
Төртінші кезең – төлем мөлшері мен мерзімін есептеу
2027 жылдан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем белсенді жұмыс іздеу кезеңінде үш айға дейін тағайындалады. Оның нақты мерзімі азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады.
Төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45 пайызына тең. Алайда оның көлемі жеті ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Соған сәйкес жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік көмектің ең жоғары мөлшері де артады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге жетеді.
Бұл ретте министрлік әлеуметтік төлемді бұрынғыдай тек міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтар ғана ала алатынын еске салды.


