Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың тізімі қайта қаралып, талапқа сәйкес келмейтін 52 535 адам есептен шығарылды, деп жазады QazNews.kz.
«Отбасы банкінің» мәліметінше, тексеру барысында аталған азаматтардың атына жеке тұрғын үй тіркелгені анықталған. Осыған байланысты олар баспанаға мұқтаж азаматтар санатына жатпайды деп танылып, кезектен шығарылған.
Банк өкілдерінің түсіндіруінше, тексеру заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін жүргізілген. Жаңа талаптар кезекте тұрған азаматтардың деректерін олардың жеке мәліметтерін өңдеуге қосымша келісімін алмай-ақ тексеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар банк тұрғын үй кезегіне қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін өзге де азаматтарды анықтау жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.


