Танымал қазақстандық тревел-блогер Дастан Мұхамедрахым Мадридте әлемге әйгілі футбол жаттықтырушысы Жозе Моуриньюмен кездесіп, оған қазақтың ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақты сыйға тартты, деп хабарлайды qaznews.kz.
Блогер ерекше кездесу туралы Instagram-парақшасында жариялады. Оның айтуынша, бұл сапар Қазақстанның мәдениеті мен жетістіктерін халықаралық аудиторияға таныстыру мақсатында жүзеге асқан.
Кездесу барысында Дастан Мұхамедрахым әйгілі футбол жаттықтырушысымен еркін әңгімелесіп, Қазақстан туралы айтып берген. Сондай-ақ оған қазақ халқының ұлттық зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақты сыйлаған.
«Жақында ғана сіздерге Қазақстанның көпшілік біле бермейтін мақтан тұтар жетістіктерін көрсетіп жүрген едім. Ал бүгін, міне, аты аңызға айналған Жозе Моуриньюдің өзіне Қазақстан туралы айтып тұрмын! Мен үшін бұл – ерекше әрі ұмытылмас сәт!» – деп жазды блогер.
Дастан Мұхамедрахымның айтуынша, ол Моуриньюмен жай ғана суретке түсіп қоймай, еркін сөйлесіп, өзін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алған.
Айта кетейік, тоғызқұмалақ – қазақ халқының дәстүрлі зияткерлік ойындарының бірі. Логикалық ойлау мен стратегиялық шешім қабылдауға негізделген бұл ойын 2020 жылы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген.
Осылайша, қазақстандық блогердің әйгілі футбол жаттықтырушысымен кездесуі ұлттық ойынды халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік берді.


