Қостанай облысында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) заңсыз ақша аударуды ұйымдастырған әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Сот мәліметінше, жергілікті тұрғын 2025 жылдың қарашасы мен 2026 жылдың қаңтары аралығында «Отбасы банкінен» түскен біржолғы зейнетақы төлемдерін заңсыз аудару схемасын ұйымдастырған. Ол «Martebe Clinic» жеке кәсіпкерлігінің медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы жоқ екенін біле тұра, осы ұйым арқылы қаржы операцияларын жүргізген.
Іс материалдарына сәйкес, келісімшарттарда көрсетілген медициналық қызметтер іс жүзінде көрсетілмеген. Зейнетақы төлемдері клиниканың есепшотына түскеннен кейін қаражат алушылардың немесе олардың көрсеткен өзге тұлғалардың банк шоттарына қайта аударылып отырған.
Заңсыз операцияларды ұйымдастырғаны үшін әйел сыйақы алып келген. Нәтижесінде заңсыз аударылған қаражат көлемі 16 млн 432 мың теңгеге жеткен.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған. Жаза тағайындау кезінде оның шын өкінуі, кінәсін мойындап келуі және кәмелетке толмаған балаларының болуы ескерілген.
Сот үкімімен әйелге бес жылға кейінге қалдыру шартымен екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар одан мемлекет кірісіне заңсыз жолмен алынған 16 млн 432 мың теңге өндірілді.


