Қазақстанда 1 қазан – Қарттар күні ретінде 35 жылдан бері аталып келеді. Бұл күні аға буын өкілдерінің ел дамуына қосқан үлесі, өмірлік тәжірибесі мен даналығы ерекше дәріптеледі, деп хабарлайды qaznews.kz.
Бүгінде елімізде 100 жастан асқан 44 қария өмір сүріп жатыр. Олар бірнеше дәуірдің куәсі болып, елдегі тарихи өзгерістерді, қалалардың дамуы мен ұрпақтардың ауысуын өз көздерімен көрген жандар.
Олардың ішіндегі ең егде жастағы тұрғын – Шымкент қаласында тұратын 106 жастағы әже. Ол бүгінде отбасының ортасында ғұмыр кешіп жатыр.
Ал ер адамдар арасындағы ең жасы үлкен зейнеткер Алматы қаласында тұрады. Ол – 104 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор және академик.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласының деректеріне сәйкес, бүгінде Қазақстанда 2,4 миллионнан астам адам зейнетақы алады. Зейнеткерлердің 64 пайызын әйелдер құраса, 36 пайызы – ер адамдар.


