Құрылтай депутаттары жалған ақпарат таратқан жағдайда қандай жауапкершілікке тартылатыны белгілі болды. Бұл туралы Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева брифинг барысында айтты, деп хабарлайды qaznews.kz.
Оның сөзінше, жаңа талаптарға сәйкес депутаттар бұқаралық ақпарат құралдарына пікір бергенде және көпшілік алдында сөйлегенде тек тексерілген әрі шынайы ақпарат ұсынуға міндетті.
«БАҚ-пен жұмыс істеуге қатысты талаптар да қарастырылған. Депутат өз сөзінде және бұқаралық ақпарат құралдарына берген жауабында міндетті түрде тексерілген, нақты мәліметтерді келтіруі керек. Егер қандай да бір деректердің орындалмай жатқанын айтып немесе түрлі фактілерді мысалға келтіріп, олардың шынайылығы дәлелденбесе, бұл депутаттық әдеп нормаларын бұзу болып саналады», – деді Дания Еспаева.
Оның айтуынша, мұндай және өзге де әдеп бұзушылықтарды депутаттық әдеп жөніндегі кеңес қарайды және тиісті шара қолданады.
Еспаева Қазақстанда қарапайым азаматтар үшін жалған ақпарат таратқаны үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Кейбір жағдайда мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеліп, бас бостандығынан айыру жазасына дейін ұласуы мүмкін.
Сонымен қатар Құрылтай және депутат мәртебесі туралы жаңа заңға сәйкес депутаттық әдепті бұзған депутаттарға бірнеше тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.
«Бірінші жаза – сөгіс беру. Екіншісі – депутаттың көпшілік алдында кешірім сұрауы. Үшіншісі – оған Құрылтайдың бір отырысында немесе кейінгі үш отырысында сөз берілмейді. Бұдан кейін отырыстан шығару шарасы қарастырылған. Соңғы жаза – бір күндік жалақысынан айыру», – деп түсіндірді вице-спикер.
Сондай-ақ оның айтуынша, негізсіз сын айту немесе баяндамашыларға орынсыз ескерту жасау да депутаттық әдеп нормаларын бұзу болып есептеледі.
«Егер депутаттардың сөзінде әріптестерінің немесе басқа азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін қорлау сипатындағы пікірлер болса, бұл да депутаттық әдепті бұзу ретінде бағаланады», – деді Дания Еспаева.
Вице-спикердің айтуынша, депутаттық әдеп талаптары тек жұмыс уақытында ғана емес, одан тыс кезеңде де сақталуы тиіс.
«Депутат жоғары адамгершілік қағидаларын ұстанатын тұлға болуы керек. Сондықтан оған қойылатын талаптар жұмыс орнында ғана емес, қоғамдық өмірде де қолданылады», – деп атап өтті ол.


