Жасөспірімдердің әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларды бақылаусыз пайдалануы олардың психикалық саулығына, ұйқы режиміне және зейін қою қабілетіне кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты «Әділет» фракциясының депутаты Жанарбек Әшімжан Ұлттық құрылтай аясында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуін заң жүзінде шектеуді ұсынды, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Депутаттың айтуынша, мұндай бастамаға мектеп оқушылары арасындағы кибербуллинг жағдайларының көбеюі мен гаджетке тәуелділікке қатысты алаңдатарлық көрсеткіштер негіз болып отыр. Сонымен қатар депутаттар балалардың жеке деректерін қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастырып, мектеп бағдарламасына медиасауаттылық бойынша міндетті сабақтарды енгізуді ұсынып отыр.
Жанарбек Әшімжан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастаманы қолдайтынын атап өтті.
«Президент 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заңнамалық деңгейде шектеу қою идеясын қолдады. Мәселе тек баланың әлеуметтік желіде отыруында емес. Бұл жерде уақыт пен назардың босқа жұмсалуы да маңызды. Әлеуметтік желіге шектен тыс әуестену кітап оқуға, спортпен айналысуға, отбасымен араласуға және сабаққа дайындалуға бөлінетін уақытты азайтады. Дегенмен мәселе тек заң қабылдаумен шешілмейді. Баланың жасын анықтау, жеке деректерін қорғау, жалған аккаунттардың алдын алу және білім алуға қажетті цифрлық платформаларға қолжетімділікті сақтау сияқты сұрақтарға нақты жауап болуы керек. Президент те заңмен қатар оның орындалу тетіктерін мұқият пысықтау қажет екенін айтты», – деді депутат.
Осыған байланысты депутат Үкіметтен 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеу тетіктерін нақтылауды, кәмелетке толмағандардың цифрлық қауіпсіздігін күшейтуді және олардың жеке деректерін қорғауды қамтамасыз етуді сұрады.
Сондай-ақ ол мектептерде цифрлық гигиена, медиасауаттылық және әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану дағдыларын жүйелі түрде оқытуды жолға қою қажет екенін атап өтті.


